№ 54 «Нұр-ай» балабақшасында «2017 жылдың ең үздік тәрбиешісі» қалалық байқауының ақтық сыны өтті. Сайысты әкімдіктің қолдауымен қаланың білім басқармасы ұйымдастырды.
Байқау педагогика қызметкерлерінің үздік тәжірибесімен бөлісу, кәсібіи біліктіліктерінің артуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі.
Ең үздік тәрбиеші атағын алу жолында елорда балабақшаларының 20-дан астам қызметкері бақ сынасты. Байқау үш кезеңнен тұрды: 1 кезең балабақша ішінде өтті, онда тәуелсіз комиссия өтініштер мен үміткерлердің жетістіктерін қарады. ІІ кезең «Педагогикалық шеберлік» аталымы бойынша ұстаздар шеберлік-сыныптарын өткізді. І турдан өткен тәрбиешілер мектеп жасына дейінгі балалармен сабақ өткізді. Үшінші ақтық сынға 11 қатысушы жолдама алып, әділқазылар алдында «Менің педагогикалық ұстанымым» тақырыбында өздерін танытты.
Ұйымдастырушылар комитеті мен әділқазылар құрамына білім басқармасы, колледж оқытушылары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының қызметкерлері «Әділет» білім еңбеккерлерінің кәсіподағынан және ата-аналар комитетінің өкілдері енді.
Байқау қорытындысы бойынша, «Гран-при» және 696 мың теңгенің сертификаты № 32 «Балдәурен» балабақшасының тәрбиешісі Назгүл Мұқатоваға табысталды. Бірінші орынды №71 «Мөлдір» балабақшасының тәрбиешісі Әлия Қамбарова жеңіп алды. Жеңімпаз 510 мың теңгеге ие болды. Екінші орын мен 340 мың теңге №76 «Әдемі» балабақшасының тәрбиешісі Гүлмира Байниязоваға бұйырды. Үшінші орынға №7 «Аққу» балабқшасының тәрбиешісі Гүлмира Мұқажанова лайық деп танылып, 226 теңгемен марапатталды. «Жасампаз-өнертапқыш», «Педагогика мамандығына адалдық», «Жас кәсіби маман» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.
Номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден сыйлық табысталды .
«Үздік тәрбиеші - 2017» жеңімпазы М.Мұқатова байқаудың республикалық кезеңінде елорда намысын қорғайды.
Ақпарат көзі: astana.gov.kz, uo.tkprogress.kz