«Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» деген бар емеспе, сол шын екен. Ата-анамның қалауымен «Филология» факультетіне түстім. Оқуымды аяқтаған соң, ол салада жұмыс жасағым келмеді. Қайтадан бала күнгі арманым «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу»мамандығы бойынша білім алып шықтым. Таңдауым әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық осы кәсіпті таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқаныма мақтан етемін. Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауымен таңдаған кәсіп мамандығына деген салиқалы ,ынтызарлық ықылас дер едім. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсек , өмірден өз орныңды тапқаның !
Тәрбиеші болу-айтуға оңай шаруа болғанымен ,бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол кәсіпті таңдағандар ,осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай қызығы мен ауыртпалығы ,жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым - үнемі жаңалыққа ұмтылып ,әр тәрбиеленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты ,талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу,биікке жетелеу,сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Халқымызда «Жас келсе-іске» деген керемет сөз бар. Демек мен бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз тәрбиеленушілерімді биік белестерден көріп жатсам, сол үшін өзімнің азда болса үлесім тиіп жатса мен өзімді бақытты тәрбиеші-ұстаз,бақытты жанмын деп білемін.
Ағабекова Перизат Қуанышбекқызы, №32 «Балдаурен» балабақшасы