Астана қаласы әкімдігінің №32 «Балдәурен» балабақшасы МҚКК

БЖЗҚ: ақпарат

Дария баққа жинаңыз. Еліміздің зейнетақы жүйесінің өткені

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне – 20 жыл. Осы кезең аралығында еліміз маңызды әлеуметтік-демографиялық, экономикалық өзгерістерді бастан кешіріп, талай жаңа белестерді бағындырды. Қазақстанның зейнетақы жүйесі де жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, уақыт талабына сай жаңарды. Еліміздің зейнетақы жүйесінің өткені, бүгіні мен болашағына бағдар жасау үшін біз Астана қаласы филиалының директоры Мұрат Шариповты әңгімеге тарттық.

Кеңестік дәуірден қалған зейнетақы жүйесін жаңарту қажеттігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туындады. Кеңес Одағы құлағаннан кейін ортақ зейнетақы жүйесі жаңа заман талабына сай келмейтіні түсінікті болды. Сондықтан Қазақстан өзіне қолайлы жүйе қалыптастыру үшін әлемдік тәжірибені зерттей бастады. Ең оңтайлы жүйе ретінде 80-жылдары әлем бойынша үздік деп танылған Чилидің үлгісі таңдалып алынды. Әлемдік банктің кеңесімен осы үлгі бойынша Латын Америкасы, Шығыс Еуропа, ТМД-ның бірқатар елдерінің зейнетақы жүйесі реформаланды. Қазақстан осы жүйенің басты қағидатын негізге алды. Бұл жүйе бойынша салымшылар табысының белгілі бір пайызын жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған жеке зейнетақы шоттарына жинауға міндеттеліп, бұл жарна инвестициялық табыспен капитализацияланады. Қызу пікірталастардан кейін 1997 жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заң қабылданды.

Осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістікте алғашқы болып жинақтаушы жүйеге негізделген аралас зейнетақы жүйесіне көшті. 1997 жылдың қыркүйегінде ҚР Үкіметінің Қаулысымен Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды (МЖЗҚ). 1998 жылдың басынан бастап қазақстандықтар табысының 10 пайызын міндетті зейнетақы жарнасы ретінде жеке зейнетақы шоттарына аудара бастады. Осы жылдан бастап жеке зейнетақы қорлары да ашыла бастады. Әрбір азаматқа өзіне қолайлы зейнетақы қорын таңдау құқы берілді. Егер ол өз таңдауын жасай алмаса, жарнасы автоматты түрде мемлекеттік қорға аударылды.

2013 жылы МЗЖҚ-ның базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) құрылды. БЖЗҚ-ға жеке қорлардың активтері берілгеннен кейін әкімшілік және операциялық шығындар азайып, жеке қорлардың комиссияларымен салыстырғанда БЖЗҚ-ның комиссиялық сыйақылары азайды. Ең бастысы – мүдделес компаниялармен шығынды келісім-шарттар жасалуына тосқауыл қойылды. Салымшылардың бір қордан екінші қорға бей-берекет ауысуы да тоқтады. Мұның бәрі жүйенің тиімділігіне игі әсер еткені күмәнсіз. Дегенмен, БЖЗҚ құрылғаннан кейін де Қазақстанда ортақ бөліктен, міндетті жинақтаушы бөліктен және ерікті жинақтаулардан тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі сақталып қалды. Жиынтық зейнетақы да екі төлем көзінен тұрады: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы және БЖЗҚ-дағы жинақтардан құралатын зейнетақы.

Уақыт талабына сай болу үшін зейнетақы жүйесі әрдайым жаңарып отырады. Қазақстанның зейнетақы жүйесінде алдағы онжылдықтарда қалыптасуы ықтимал түрлі сценарийлерді болжау үшін БЖЗҚ-да актуарлық зерттеулер жүргізіледі. Қор мамандары зейнетақы жинақтау жүйесінің қандай да бір бөлігі жақсы дамыған елдердің тәжірибесін зерттеумен де айналысады. Мысалы, шартты-жинақтаушы компонент Швецияда жақсы дамыған. Сонымен бірге, ерікті зейнетақы бөлігін дамытуға Германия мен Малайзияда үлкен мән беріледі. Сингапур жинақтарды баламалы мақсаттарға пайдалану тәжірибесімен, ал Гонконгтың тәжірибесі зейнетақы активтерін басқарудың инвестициялық стратегиясымен тартымды.

Алайда енгізілгелі отырған өзгерістермен бірге Қазақстан зейнетақымен қамсыздандырудың диверсификациялық қағидатын сақтап қалады. Себебі бұл компоненттің артықшылығын екінші компоненттің кемшіліктерінің орнын толтыру үшін пайдалануға болады. 2040-жылдары 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар зейнетке шыға бастағанша ортақ компонент біртіндеп шартты-жинақтаушы компонентке ауыса бастайды.

Сонымен қатар Ұлттық банкте зейнетақы активтерін басқару бойынша бірқатар міндеттерді бәсекелестік ортаға – қазақстандық және шетелдік компанияларға беруге байланысты ұсыныстар дайындалды. Салымшыларға инвестициялық стратегия мен жеке басқарушы компанияны таңдау құқы беріледі деп жоспарлануда. Бірақ БЖЗҚ ҚР жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағымдарының бірыңғай операторы және әкімгері болып қала береді.

Құрылымдық өзгерістермен қатар сапалық өзгерістер де болады. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына орай, БЖЗҚ интернеттің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қор қызметтерін барынша қолжетімді ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Қазірдің өзінде Қордың барлық қызметтері дерлік электрондық нұсқада қолжетімді. Осының арқасында біздің салымшылармен ара-қатынасымыз түбегейлі өзгеріп, оларға барынша жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік алдық.

Астана қаласы әкімдігінің №32 «Балдәурен» балабақшасы МҚКК, Қазақстан Республикасы

Дизайн және сайтты әзірлеу: Webmarka

Жаңалықтарға жазылу

Жазылыңыз біздің жаңалықтарға, хабарландырулардың ортасыңда болыңыз!

Поиск (2)