2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. Зейнетақы заңнамасына енгізілген бұл өзгерістер 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Бұл өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдан бастап алатын азаматтарға ғана тиесілі.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеген зейнеткерлер үшін төлем кестесі өзгеріссіз қалады. Олар үшін зейнетақы төлемдерін алу кезеңділігі (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) және 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесі сақталады.
Бірақ егер қаласаңыз ай сайынғы төлем кестесіне ауыса аласыз.
Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді.
Зейнетақы төлемдері бір жолғы төлем ретінде ала салып, жұмсай салатын ақша емес. Ол зейнеткерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған.
Төлем кестесін өзгерту үшін Сіз БЖЗҚ-ның жергілікті кеңсесіне жүгіне аласыз. Қор бөлімшелерінің мекенжайларын www.enpf.kz. сайтынан көруге болады.