Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдерді ҚР ҰБ Басқармасының 2016 жылдың 18 наурызындағы №86 қаулысымен бекітілген бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес қабылдайды. Сонымен бірге, инвестициялық шешімдер,соның ішінде Қордың зейнетақы активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсыныстарына сәйкес қабылданады.
ҚР ҰБ инвестициялық стратегиясына сай ұзақмерзімді перспективада табыстылықтың үйлесімді деңгейін қамтамасыз ету үшін активтер теңгемен де, шет елдік валюталармен номиналданған түрлі қаржы құралдарына диверсификацияланады. Сонымен қатар, тәуекелдерді барынша төмендету үшін зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады.
Қазіргі кезде зейнетақы активтері мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың құнды қағаздарына, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланып, екінші деңгейлі банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне және сенімді шетелдік эмитенттердің құралдарына салынған. Инвестициялық қызмет туралы ақпарат Қордың www.enpf.kz ресми сайтында («Қор туралы» — «Инвестициялық қызмет» — «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің құрылымы») бөлімінде жүйелі түрде жарияланып тұрады.