Астана қаласы әкімдігінің №32 «Балдәурен» балабақшасы МҚКК

БЖЗҚ: ақпарат

Ерікті зейнетақы жарналары

Бүгінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұратыны белгілі. Оның құрамындағы ортақ және жинақтаушы зейнетақы құрамдауыштары өзара оңтайлы үйлестірілген.

Бірінші деңгей – бұл ортақ зейнетақы жүйесі. Онда зейнетақы төлемдері мемлекеттік бюджеттен жұмыс істеуші азаматтардың салық аударымдары және басқа да түсімдер есебінен жүзеге асырылады. Бұл зейнетақы екі құрамдауыштан тұрады. Бірі – мемлекеттік базалық зейнетақы. Ол барлық зейнеткерге еңбек өтіліне немесе айлық табысына қарамастан өмір бойына тағайындалады. Екіншісі – еңбек өтіліне қарай төленетін жасына байланысты зейнетақы. Мұнда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Бұл ретте еңбек өтілі алты айдан кем болмауы тиіс.

Екінші деңгей – міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Мұнда Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың айлық табысының 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде зейнетақы Қорына аударылады. Бұдан басқа, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы ретінде аударуға міндеттенді.

Бұл ретте зиянды өндірістер мен жұмыстардың тізімін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

2020 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Сәйкесінше Қазақстандағы барлық жұмыс берушілер (олардың ішінде зиянды (аса зиянды) жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерінің пайдасына өз қаражатынан жалақының 5 пайызын аударатын жұмыс берушілер де бар) еңбек жағдайына қарамастан өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына жалақының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударады.

Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына (ЕЗЖ) негізделген жинақтаушы жүйе. ЕЗЖ мөлшерлемесі, оларды зейнетақы Қорына аудару және зейнетақы төлемдері ретінде төлеу ЕЗЖ есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.

Сонау 1952 жылы қабылданған, Халықаралық еңбек ұйымының «Ең төменгі әлеуметтік қамсыздандыру нормалары туралы» Конвенциясына сәйкес орнын басу коэффициенті 40 пайызға тең болуы тиіс. Яғни, зейнетақы мөлшері жұмыскер жалақысының кем дегенде 40 пайызын құруы керек.

Алайда зейнеткерлікке шыққандардың барлығының бірдей зейнетақысы жоғалтқан жалақыларының 40 пайызына жете бермейді. Бұған зейнеткердің зейнет жасына дейінгі жалақысының төмен болуы, жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілінің аздығы, зейнетақы жарналарының тұрақсыз аударылуы және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Бірақ, осы жәйттерге қарамастан, қалайша лайықты зейнетақы алуға болады? Бұл мәселені шешудің бір жолы – ерікті зейнетақы жарналарын төлеу.

Ерікті зейнетақы жарналары – бұл, салымшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өз еркімен аударатын ақшасы. Бұл ретте салымшы жарнаның сомасын өзі белгілейді және оны өзінің атына ғана емес, туған-туыстарының атына да аудара алады.

Заңды тұлғалар да жеке тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары болуға құқылы. Мысалы, жұмыс беруші осылайша қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттыруға әрекет жасауы мүмкін. Ерікті зейнетақы жарналары ерікті түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасалады.

Шартта жалақы мөлшерін немесе жалақының Қорға аударылатын пайызын көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені, ерікті зейнетақы жарналарының сомасы салымшының мүмкіндігі мен ықыласына қарай ай сайын өзгеруі мүмкін.

2017 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналары есебінен барлығы 39,2 мың шот ашылған. Олардағы жинақтардың жалпы сомасы 1,7 млрд. теңгені құрайды.

Ерікті жарналар да басқа зейнетақы жарналарымен қатар әр түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады, сәйкесінше оларға да күн сайын инвестициялық табыс есептеледі. Ерікті жарналар есебінен құралған зейнетақы жинағының басқа зейнетақы жинақтарынан айырмашылығы сол, оны зейнеткерлік жасқа толмай жатып алуға болады.

Нақты айтар болсақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған адамдар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқылы.

Ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

Әлемдік тәжірибелерді зерделей келе, БЖЗҚ қазіргі таңда ерікті зейнетақы жарналары сынды болашаққа қаражат жинау құралын белсенді түрде пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қор мамандарының есептеуінше, аз мөлшерде тұрақсыз аударылған ерікті жарналары есебінен құралған зейнетақы жинағы зейнеткердің берекелі тіршілігін қамтамасыз етуге елеулі түрде септігін тигізеді.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы

Астана қаласы әкімдігінің №32 «Балдәурен» балабақшасы МҚКК, Қазақстан Республикасы

Дизайн және сайтты әзірлеу: Webmarka

Жаңалықтарға жазылу

Жазылыңыз біздің жаңалықтарға, хабарландырулардың ортасыңда болыңыз!

Поиск (2)